Болашақ педагогтердің халықаралық зерттеулерге кәсіби көзқарастарын SmartPLS негізіндегі құрылымдық модельдік талдау
DOI:
https://doi.org/10.32523/3080-1710-2026-154-1-117-133Кілт сөздер:
TIMSS, PIRLS, болашақ педагогтер, кәсіби көзқарас, құрылымдық модельдеу, SmartPLS, халықаралық бағалау, педагогикалық құзыреттілік, білім беру сапасы, эмпирикалық зерттеуАңдатпа
Ғылыми мақалада болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің TIMSS және PIRLS секілді халықаралық білім сапасын бағалау бағдарламаларына қатысты кәсіби көзқарастары құрылымдық модельдеу тәсілі арқылы тереңдетіліп талданды. Зерттеу SmartPLS бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып, болашақ педагогтердің осы бағалау жүйелеріне деген қатынасы мен оларды кәсіби тұрғыдан қабылдау ерекшеліктері сандық деректерге сүйене отырып бағаланды. TIMSS (Trends in International Mathematics and Science Study) және PIRLS (Progress in International Reading Literacy Study) – білім сапасын кешенді бағалайтын халықаралық зерттеулер ретінде қазіргі білім беру жүйесіндегі реформалар мен оқыту сапасын жетілдіру үдерістерінің негізгі индикаторлары болып саналады. Сондықтан, болашақ мұғалімдердің бұл зерттеулерге көзқарасы олардың кәсіби дайындық деңгейін бағалаудың маңызды критерийі болып саналады.
Зерттеу жұмысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығында білім алып жатқан 3–4 курс студенттері арасында жүргізілді. Эмпирикалық деректер құрылымданған сауалнама арқылы жиналды. Сауалнама мазмұны 25 индикатордан тұратын 5 мазмұндық блокқа біріктірілді. Жиналған мәліметтер PLS-SEM (Partial Least Squares Structural Equation Modeling) әдістемесі арқылы өңделіп, өлшеу және құрылымдық модельдер негізінде статистикалық талдау жүргізілді.
Талдау жұмыстары барысында болашақ мұғалімдердің TIMSS және PIRLS зерттеулерін тек оқушылардың жетістігін салыстырушы механизм ретінде емес, сонымен қатар педагогикалық тәжірибеге енгізуге болатын құнды әдістемелік ресурс ретінде қабылдайтыны анықталды. Зерттеу қорытындылары жоғары оқу орындарында педагог даярлау жүйесін жетілдіруге, кәсіби құзыреттілікті дамытуға және халықаралық бағалау жүйелеріне бейімделу стратегияларын әзірлеуге көмектеседі. Сондай-ақ, бұл мақалада алынған нәтижелер отандық білім беру мазмұнын жаңғырту мен жаһандық стандарттармен үйлестіру үдерісіне ғылыми-тәжірибелік үлес қосуға бағытталған.






