Информатикадағы жүйелік объектілердің танымдық жобалануы: қабылдау мен сананың ерекшеліктерін ескеру
DOI:
https://doi.org/10.32523/3080-1710-2026-154-1-101-116Кілт сөздер:
танымдық дизайн, жүйелік объект, когнитивтік жүктеме, эмоциялық дизайн, адам-компьютер өзара әрекеттесуі, визуализация, нейроадаптивті интерфейстерАңдатпа
Бұл мақалада информатикадағы жүйелік объектілерді танымдық (когнитивтік) жобалаудың пайдаланушының қабылдау үдерісі мен санасына тигізетін әсерін зерттеу мәселесі қарастырылады. Заманауи ақпараттық жүйелердің күрделенуі оларды жобалау кезінде тек техникалық факторларды ғана емес, сонымен қатар когнитивтік және эмоциялық аспектілерді міндетті түрде ескеруді талап етеді. Зерттеу когнитивтік жүктеме теориясы (Sweller, 1988), мультимедиялық оқыту принциптері (Mayer, 2009), визуалды ақпаратты ұсыну қағидалары (Tufte, 2001; Ware, 2012) және эмоциялық дизайн моделі (Norman, 2002) сияқты негізгі теориялық тұжырымдамаларға сүйенеді.
Зерттеу әдістемесі сапалық салыстырмалы талдауға негізделген. Қазақстанның білім беру бағытындағы үш цифрлық платформаның (BilimLand, Kundelik, Smart Bilim) интерфейстеріне сараптамалық бағалау жүргізілді. Бағалау үш сарапшы (информатика оқытушылары және UX-дизайнер) арқылы 5 балдық шкала бойынша жүзеге асырылды. Негізгі критерийлер: когнитивтік жүктеме деңгейі, визуалды иерархия, навигация интуитивтілігі, эмоциялық тартымдылық және кері байланыс сапасы.
Нәтижелер көрсеткендей, визуалды иерархияны сақтау, ақпаратты дозалап беру, артық элементтерді (chartjunk) азайту және позитивті эмоциялық элементтерді (жұмсақ түстер, микроанимациялар, достық хабарламалар) қолдану интерфейстің жалпы тиімділігін айтарлықтай арттырады, пайдаланушының зейін тұрақтылығын күшейтеді және мотивациясын жоғарылатады. Қазақстандық контексте ұлттық ою-өрнек элементтерін интеграциялау қабылдауды және зейінді едәуір жақсартатыны байқалды.
Зерттеу нәтижелері білім беру интерфейстерін жобалауда когнитивтік және эмоциялық факторларды кешенді ескерудің маңыздылығын растайды. Болашақ бағыт ретінде нейрофизиологиялық деректер (ЭЭГ, eye-tracking) негізінде нақты уақытта бейімделетін нейроадаптивті және интеллектті интерфейстерді дамыту ұсынылады. Бұл тәсіл Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ұлттық білім беру платформаларын дамытуға ғылыми-әдіснамалық негіз бола алады.






