ЖОО студенттерінің көшбасшылық құзыреттілігін дамытуда арт-технологияларды интеграциялау
DOI:
https://doi.org/10.32523/3080-1710-2026-156-3-9-29Кілт сөздер:
көшбасшылық құзыреттілік, көшбасшылық әлеует, арт-технологиялар, интеграция, бастамашылдық, коммуникация, ұйымдастырушылық, шығармашылықАңдатпа
Мақалада жоғары оқу орны студенттерінің көшбасшылық құзыреттілігін дамытуда арт-технологияларды оқу үдерісіне интеграциялау тәжірибесі қарастырылады. Заманауи отандық және шетелдік зерттеулерді теориялық талдау негізінде арт-технологиялардың студенттердің тұлғалық және шығармашылық әлеуетін ашуға, топтық өзара әрекеттестігін, коммуникативтік белсенділігі мен әлеуметтік қатысуын қолдаудағы педагогикалық мүмкіндіктері жүйеленді. Зерттеу бір топтық pre-test/post-test эксперименттік дизайн негізінде жүргізілді. Зерттеуге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірінші курс студенттері қатысты (N=96). Интервенция барысында бейнелеу өнері, графика және графикалық дизайн, визуалды сторителлинг, рөлдік ойындар, театрландырылған көріністер мен шығармашылық жобалау элементтері қолданылды. Студенттердің көшбасшылық құзыреттілігін бағалау бастамашылдық, эмоциялық тұрақтылық, коммуникация, шешім қабылдау және ұйымдастырушылық компоненттері бойынша жүргізілді. Pre-test және post-test нәтижелерін салыстыру интервенциядан кейін зерттелген көшбасшылық компоненттерінің барлығы бойынша оң динамика байқалғанын көрсетті. Бастамашылдық, эмоциялық тұрақтылық, коммуникация, шешім қабылдау және ұйымдастырушылық көрсеткіштерінде оң өзгерістер тіркелді. Алынған нәтижелер арт-технологияларды оқу үдерісіне мақсатты және жүйелі интеграциялаудың студенттердің көшбасшылық құзыреттілігін дамытуға бағытталған педагогикалық тәжірибеде қолдану мүмкіндігін көрсетеді. Зерттеуде бақылау тобының болмауына байланысты анықталған өзгерістер арт-технологиялардың тікелей себептік әсері ретінде емес, интервенциядан кейін байқалған эмпирикалық оң динамика ретінде түсіндіріледі.
Зерттеудің мақсаты - арт-технологияларды оқу үдерісіне интеграциялау жағдайында ЖОО студенттерінің көшбасшылық құзыреттілігі компоненттеріндегі pre-test және post-test нәтижелерінің өзгеріс динамикасын анықтау.





